Абиба Әбужақынова университетті қызыл дипломмен бітірді

Редактор
01.07.2025, 23:06

Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін үздік дипломмен аяқтады

Жанарбек Әжімжанның парақшасынан

Дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Абиба Әбужақынова жоғары оқу орнын аяқтады.

Бұл қуанышты жаңалықты Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желіде бөлісті.

«48 келі салмақта әлемнің үздік дзюдошыларының бірі, әлем чемпионатының қос қола жүлдегері, Азия біріншілігінің күміс иегері, сондай-ақ 2025 жылы Аустрияның Линц қаласында өткен әлемдік Grand Prix турнирінде топ жарған Абиба Әбужақынова бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін үздік дипломмен аяқтады. Батыр қарындасымыздың бұл жетістігі құтты болсын!» – деп жазды депутат.

Айта кетейік, Абиба жақында ғана Венгрияда өткен әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атанып, финалға шыққан алғашқы дзюдошы қыз атанды. Осы жетістігі үшін Jenys клубы оған су жаңа автокөлік сыйлайды.