Ол – қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы Әлем кубогының иегері
Әлемге танымал қазақ спортшысы Айсара Керімбекова бүгінде ауыр тұрмыс кешіп жүр.
1965 жылы Алматы облысында дүниеге келген Айсара самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан спорт шебері, Қазақстанның үш дүркін чемпионы. Ол – қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы Әлем кубогының иегері. 1992 жылы еліміздің таңдаулы он спортшысының қатарына енген.
Белгілі журналист Нұрсейіт Жылқышыбай Instagram парақшасында 80-90-жылдары даңқы дүркіреп тұрған Айсара Керімбекованың бүгінгі ауыр ахуалын көрсетті. Журналистің айтуынша, Айсара Керімбекова 20 жылдан астам уақыт бойы аула сыпырып күнелтіп келеді.
«Сіздің қолыңызға сыпырғыш ұстап жүргеніңізді, қателеспесем, Серік Қонақбаев та, Дәулет Тұрлыханов та біледі», - деп бастады сөзін журналист.
«20 жылдай болды осылай жүргеніме, осы жұмысты істеп жүрмін. Ойланатын шығар, маған бере қой деп те айта алмаймын. Заманбек Нұрқаділов ағама рахмет, жатқан жері жайлы болсын», - деп жауап берді Айсара Керімбекова.
Журналист спорт министріне аңыз спортшының қандай ауыр күйде жүргенін айтып, үндеу жасады.
«Бұл — масқара! Бұл — ұлттық намысқа сын! Министрлер мінберден түспей жатыр, ардагер спортшы ауладан шықпай жүр. Қайдасың, Спорт және туризм министрі? Тірі аңызға тірісінде құрмет көрсету — парыз емес пе? Батырды бағаламаған елден қандай ұрпақ шығады? Ұят емес пе, ағайын?..» — деп жазды Нұрсейіт Жылқышыбай.
Айсара Керімбекова — дзюдо мен самбодан әлемдік деңгейге көтерілген тұңғыш қазақ қызы. Ол самбодан әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (1988, 1992), КСРО кубогінің күміс жүлдегері (1989), КСРО халықтары спартакиадасының қола жүлдегері (1991), Азия чемпионы (1992) атанған.