Ғалым Мәмбеталиев өз қызметінен босатылды
Астананың «Барыс» хоккей клубы ресейлік маман Евгений Королевтің бас бапкердің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалғанын хабарлады.
Бұл тағайындауға дейін Королев команданың жаттықтырушылар штабында Ғалым Мәмбеталиевтің көмекшісі қызметін атқарған. Осылайша, Ғалым Мәмбеталиев өз қызметінен босатылды.
Клубтың баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл шешім өткен маусымдағы төмен спорттық нәтижелерге байланысты қабылданған.
«Өткен маусымда тіркелген төмен спорттық көрсеткіштерге байланысты негізгі команданың жаттықтырушылар құрамына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта «Барыс» командасының бас бапкерінің міндетін уақытша Евгений Королев атқаратын болады. Барлық регламенттік рәсімдер аяқталғаннан кейін өзгерістерге қатысты толық ақпарат ұсынылады», – делінген ресми хабарламада.
Еске салайық, Ғалым Мәмбеталиев 2023 жылдың қараша айында бас бапкер қызметіне қайта оралған болатын. Сол кезде «Барыс» легионерлерден бас тартып, құрамды түбегейлі өзгерткен еді.
Алайда Мәмбеталиевтің жетекшілігімен «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты маусымында соңғы орынға түсіп, жеңілісі саны жағынан антирекорд орнатты.
Жаңа маусым «Барыс» үшін 7 қыркүйекте басталады. Бұл күні астаналық клуб өз айдынында Гагарин кубогының финалисі – Челябі қаласының «Трактор» командасын қабылдайды.
Айта кетейік, жуырда «Барыс» клубының басқару құрылымында да өзгерістер болды – екі ай бойы бос тұрған бас директор қызметіне Сәкен Мұсайбеков тағайындалды.