ол баяғы Абиба ғана жүлде алған шығар деп те жазады
Дзюдодан 48 келі салмақта ел намысын қорғап жүрген әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Абиба Әбужақынова, экс-қазақстандық дзюдошы Отгонцэцэг Галбадрах туралы пірін білдірді.
Абибаның айтуынша, Отгонцэцэг белдескен кезде қазақстандық дзюдошы қыздардың бәсекелестікке төтеп бере алмағанын айтты.
«Маған дейін Отгонцэцэг Галбадрах деген қыз күрескен. Ол Олимпиада және әлем чемпионаттарында қола жүлдеге қол жеткізген. Сол уақыттар да біз қазақ қыздары мықты болған жоқпыз. Барамыз, бірінші белдесуде жеңілетін едік. Бірақ ешкім жаман пікір жазбайтын. Себебі бізді ешкім танымайтын. Тек Отгонцэцэг ғана ұтатын. Қазір ұтсақ та хейттің астына қаламыз. Барғандары бір қора, алатындары бір қола – деп айтады. Сол баяғы Абиба ғана жүлде алған шығар деп те жазады. Жылап жүріп машина алғансың деген пікірлерді де оқимын», — дейді Абиба Әбужақынова Динара Әлжанға берген сұхбатында.
Айта кетейік, 2015 жылы Моңғолия елінің өкілі Отгонцэцэг Галбадрах Қазақстан атынан сынға түсе бастаған еді. Ол 2016 жылы Рио Олимпиадасында ел қоржынына қола жүлде салды. Сондай-ақ, әлем чемпионаттарында екі рет үшінші орын алған. Азия чемпионы. Гранд Слэм, Гран При жарыстарында бірнеше рет топ жарды. Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері атағына ие болды.
Отгонцэцэг Галбадрах Токио Олимпиадасынан кейін мансабын аяқтап, туған жері Монғолия астанасы Ұлан-батыр қаласына көшіп кетті. Қазіргі таңда бұл салмақта Қазақстан намысын Абиба Әбужақынова абыроймен қорғап жүр. Абиба осы жылғы әлем чемпионатында финалға шығып, күміс жүлде еншіледі. Осылайша ол қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионатының финалисі атанды.