Жарнама
Жарнама
Реклама
Реклама

Ақжүрек Таңатаров: Федерация мен бапкерлер түгел ауыспай, Қазақстаннан Олимпиада чемпионы шықпайды

Редактор
08.08.2025, 13:35

Ол мысал ретінде өзіне және өзге балуандарға жасалған қарым-қатынасты атап өтті

Ашық дереккөзден

Даңқты балуан, Олимпиада ойындарының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров еркін күрестегі қазіргі жағдайға қатысты ашық пікір білдірді. Оның айтуынша, қазақстандық балуандардың Олимпиадада жүлдеге іліге алмауының басты себебі – федерация мен бапкерлер құрамында жүйелі өзгерістің болмауы.

«Федерация мен бапкерлік құрамды түгел ауыстыру керек. Мүмкіндікті әр адамға беру керек деп ойлаймын. Федерациямыз алдағы Олимпиадада “бір алтын медаль аламыз” деп уәде беріп жатыр екен. 2004 жылдан бері шықпаған Олимпиада чемпионы 2028 жылы шығады дегенге кепіл бар ма? Мен бұл уәдеге сенбеймін. 100 пайыз айта аламын – Олимпиада чемпионы шықпайды», – деді ол “Бірге бір” бағдарламасына берген сұхбатында.

Таңатаровтың сөзінше, еркін күресте бапкерлердің спортшыларға әділетсіз көзқарасы да бар. Ол мысал ретінде өзіне және өзге балуандарға жасалған қарым-қатынасты атап өтті.

«Ризабек Айтмұқан мен Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионы болды. Бірақ жиналыстарда қазақтар күреспейді дейді. 19 жасымнан жарысқа барып жүрдім. Леноид  Спиридонов екеуміз бірге жарысқа қатыстық, бірге ұтылдық. Бірақ мені “әлсіз, жасы үлкен, күрестен кетуі керек” деп таныстырды. Ал Спиридонов “жас, болашағы зор” деді. Шын мәнінде, мен 1986 жылғы, ол 1981 жылғы – мен одан 5 жас кішімін. Бірақ мені ерте қартайтты. Бұл қазақ балуандарына деген көзқарасты көрсетеді», – деді ол.

Сондай-ақ, ол шетелден шақырылған легионерлердің жетістігін есепке алудың қажеті жоқ екенін, олардың тек ақшасын алып кететінін айтқан болатын.

Реклама
Реклама
Реклама
Реклама