Екатерина «Бивол тегін қайтар» деген қысымға шыдай алмағанын айтты
Бокстан әлем чемпионы Дмитрий Биволдың экс-жары әлеуметтік желідегі парақшасында бұрынғы күйеуінің тегінен бас тартатынын және ұйғыр атасының тегін алатынын айтты.
Екатеринаның айтуынша, соңғы екі жарым жыл бойы ол бұрынғы күйеуінің де, оның жанкүйерлерінің де қысымына жиі ұшыраған. Әлеуметтік желілерде оған «Бивол тегін қайтар» деген мазмұндағы хабарламалар тұрақты түрде келіп тұрған. Ал Дмитрийдің өзі де талай рет қоңырау шалып, сол талапты қойған.
«2,5 жыл бойы күн сайын осы тегім үшін тиісіп келді. Дима жүз рет қоңырау шалып, «тегімді қайтар» деп сұрады. Бұл – нағыз абсурд емес пе? Мен әрқашан: бұл – балаларымның тегі, мен Бивол әулетінің ұрпағын жалғастырушысы болдым дейтінмін. Өйткені Диманың әпкелері бар, ал екі ұлды дүниеге әкелген жалғыз менмін», – деп жазды ол.
Екатеринаның қыз кезіндегі тегі де шынайы тегі емес, ол әкесінің өгей әкесінен қалған екен. Сондықтан Екатерина түпкі тегіне оралып, атасының тегі – Джалилованы таңдаған. Енді екі ұлы да әкесінің емес, осы текті иеленетін болады.
«Мен балаларыммен бірге ұйғыр атамыздың тегін иеленуге шешім қабылдадым. Жақын күндері бізді осылай атайтын болады: Екатерина Игоревна Джалилова, Мирон Дмитриевич Джалилов және Никон Дмитриевич Джалилов», – деп қорытындылады ол.
Сондай-ақ ол Алматыдағы туыстарымен түскен суретін бөлісті.
Айта кетейік, Дмитрий мен Екатерина 2023 жылдың маусымында ресми түрде ажырасқан. Содан бері Екатерина көпшілік алдында екеуінің ортақ балалары – Мирон мен Никон үшін төленетін алимент мөлшерін арттыруды талап етіп жүр.