Қазақстан қоржынында бір алтын, бір қола медаль бар
Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында жасөспірімдер арасында өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында жүлде алған спортшыларымызға мемлекет тарапынан берілетін гонорар көлемі белгілі болды. Бұл туралы Қазақпаратқа берген сұхбатында Қазақстан ҰОК спорт департаментінің басшысы Елсияр Қанағатов мәлімдеді.
«Елімізде кез-келген әлемдік додаларда топ жарған спортшыларға нақтылы белгіленген қаржылай сыйақы бар. Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында чемпион болған спортшыға – 10 мың АҚШ доллары, бапкеріне – 5 мың АҚШ доллары, екінші орын алған жүлдегерге – 5 мың, бапкеріне – 3 мың АҚШ доллары беріледі. Ал үздік үштіктен көрінген спортшыларымыз 3 мың АҚШ долларын иеленсе, бапкеріне 2 мың доллар беріледі», - деді Е.Қанағатов.
Жеңімпаз спортшыларға әрбір федерациялар, әрбір жергілікті әкімдіктер өздері шешім қабылдап, әртүрлі бағытта, марапаттауға рұқсат етілгенін атаған Елсияр Қанағатов алда қандай спорт түрлерінен жүлде алу мүмкіндігін де атап өтті.
«78 мемлекеттен ойыншылар келген. Қазақстан осы Олимпиада ойындарына 41 спортшысын үкілеп бәйгеге қосып жатқан жайы бар. Қазірге дейін қоржынымызда 1 алтын, 1 қола медаль бар. Сонымен бірге спортшыларымыз арасынан 5, 6, 7, 10-орындардан көрініп жатқан ойыншыларымыз да бар. Менің ойымша бұл да жаман көрсеткіш емес», - деді ол.
Бұған дейін Конвон олимпиадасында шаңғымен тұғырдан секіруден қазақстандық Илья Мизерных чемпион атанған болатын. Сондай-ақ, Қазақстандық шорт-трекші Полина Омельчук қола жүлдеге қол жеткізді.