Өлімнің нақты себебі сот-медициналық сараптама қорытындысында анықталады
Көкшетауда өткен «Көкшетау шамдары» жартылай марафоны кезінде қайғылы жағдай болды. 23 тамызда сағат 21:50-де 5 шақырымдық қашықтықта жүгіріп келе жатқан 35 жастағы әйелдің жағдайы күрт нашарлап кеткен. Ол Сәдіғұлов пен Жағалау көшелерінің қиылысында, төртінші шақырымда өзін жайсыз сезінген.
Дәрігерлер жедел жетіп, облыстық аурухананың реаниматологы Индира Сарыбаева мен спорт мектебінің медигі Рустам Құлтаев алғашқы реанимациялық шараларды жүргізген. Әйел ауруханаға жеткізілгенімен, жүрек қызметі тоқтап, 24 тамыз күні таңғы 05:45-те оның биологиялық өлімі тіркелді.
Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырушылардың барлық ережеге сай әрекет еткенін мәлімдеді. Жарыс кезінде үш нүктеде медициналық көмек көрсету пункттері болған, полиция мен жедел жәрдем қызметі де жұмыс істеген. Қатысушылар тіркелу барысында денсаулығына жауапты екенін жазбаша растаған.
Қазіргі таңда Ақмола облысының полиция департаменті бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде. Өлімнің нақты себебі сот-медициналық сараптама қорытындысында анықталады.
Еске сала кетейік, бұған дейін 20 сәуірде Алматыда өткен Almaty Half Marathon кезінде 84 жастағы Аққоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади жарыс үстінде кенеттен көз жұмған болатын.