Айыпталушы Instagram парақшасында Палестина жалауы бейнеленген суретті аватар етіп қойған
Солтүстік Қазақстан облысында 38 жастағы жаттықтырушы алты жылға бас бостандығынан айырылды. Жекпе-жек түрлерінен бапкер әлеуметтік желідегі жазбалары арқылы діни алауыздықты қоздырды деген айыппен сотталған.
Әлеуметтік желідегі жазбалар дауға айналды
Есіл аудандық сотының үкіміне сәйкес, айыпталушы Instagram парақшасында Палестина жалауы бейнеленген суретті аватар етіп қойған. Сондай-ақ палестиналық құрбандардың суреті мен видеоларын жариялаған. Тергеу мұндай әрекеттерді діни алауыздықты қоздыру деп бағалаған. Сотта қаралған материалдардың бірінде палестиналықтарға дұға жасап, қарсы тарапқа қарғыс айтылған видеожазба көрсетілді. Сарапшылар мұны радикалды діни көзқарастарды насихаттау деп таныған.
Телефон төңірегіндегі жанжал
Жаттықтырушы әлеуметтік желідегі әрекеттері үшін ғана емес, полиция бөліміндегі жанжалға байланысты да айыпталды. Тергеу барысында оның iPhone 15 телефонын айғақ ретінде алмақ болған. Осы сәтте айыпталушы гаджетті сындырып тастауға тырысқан.
Ал полицейлер тоқтатпақ болғанда, спортшы олардың біріне шынтағымен соққы берген. Өзі бұл жағдайды тәртіп сақшыларының арандатуы деп түсіндірді. Сөзіне қарағанда, полицейлер оның АҚШ тауарын бойкоттау туралы ұстанымын мазақтап, «телефонды сындыруға шамасы жете ме?» деп әдейі түрткілеген.
Алты жылға сотталды
Жаттықтырушы кінәсін мойындаған жоқ. Дегенмен сот оның кінәсін куәгерлердің айғақтары мен сараптама қорытындыларымен дәлелденді деп шешті. Нәтижесінде Есіл аудандық сотының судьясы Әнуар Бердімұратов айыпталушыны кінәлі деп танып, оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ үш жылға қоғамдық қызметпен айналысу құқығынан айырды.
Жаттықтырушы мен оның қорғаушысы үкімге қарсы шағым түсіргенімен, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды.