Шамухановқа 2028 жылдың 26 қазанына дейін барлық ресми жарыстарға қатысуға тыйым салынды
Халықаралық конькишілер одағының (ISU) Дисциплинарлық комитеті қазақстандық шорт-трекші, Универсиада жүлдегері Еркебұлан Шамухановты төрт жылға спорттан шеттетті. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
Шешімге 2024 жылғы 27 қазанда Канадада өткен әлем кубогы кезеңінде алынған допинг-тест себеп болды. Талдау нәтижесінде спортшының қанынан триметазидин табылды. Бұл препарат қан айналымын жақсартып, глюкозаның метаболизмін жеделдетеді және спортшының төзімділігін арттырады. Сол себепті ол Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) тыйым салынған заттар тізіміне енгізілген.
Осыған байланысты Шамухановқа 2024 жылдың 27 қазанынан бастап 2028 жылдың 26 қазанына дейін барлық ресми жарыстарға қатысуға тыйым салынды. Бұл оның 2026 жылы Миланда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігін жойды.
Қазақстан конькишілер одағы Шамухановтың 2025 жылдың басында ауыр жарақатына байланысты ресми түрде спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді. Дегенмен, тыйым салынған препараттың ағзаға кездейсоқ түсуі дәлелденбегендіктен, ISU WADA антидопинг кодексіне сәйкес дисквалификацияны бекітті.
Ұйым өкілдері таза спорт қағидаттарына адалдығын білдіріп, кез келген ережебұзушылықты айыптайтындарын жеткізді.
26 жастағы Еркебұлан Шамуханов халықаралық деңгейде Қазақстан атынан бірнеше рет сынға түсіп, әлем кубогы мен чемпионаттарында жеке қашықтықтарда да, ұлттық құраманың эстафеталық жарыстарында да бақ сынаған. Ол екі мәрте қысқы Универсиада жүлдегері атанып, 2018 жылғы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған.