Ол еркін күрестен Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы
Ресейдің Красноярск қаласында еркін күрестен өткен дәстүрлі Иван Ярыгин кубогында дағыстандық Абдулрашид Садулаев жеңіс тұғырына көтерілді. Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы былтыр әлем чемпионатында жеңіліп қалғаннан кейін үлкен жарысқа алғаш рет қатысып отыр.
97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен даңқты балуан финалда өзінің жерлесі Шәміл Мұсаевпен өзара мықтыны анықтаған еді. Былтырғы жарақатынан кейін ота үстеліне барып қайтқан балуан осылайша өзінің әлеуетін толық байқатып, 5:2 есебімен басым түсті.
Енді ол ақпан айында Румынияда өтетін Еуропа чемпионатында белдеседі. Үздік нәтиже көрсеткен жағдайда алда Париж оимпиадасына лицензия үлестіретін турнирде белдеспек.
Айта кететін жайт, Садулаев Ярыгин турнирін осымен үшінші рет ұтып отыр. Алғаш рет осыдан 10 жыл бұрын 18-ге толмаған шағында 86 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, Ресейдің Еуропа біріншілігіне баратын құрамасының қатарына қосылған еді. Сол жылы Еуропа мен әлем чемпионатында үздік атанған болатын. 2018 жылы бұл турнирді Садулаев 92 келідежеңіп алды.
Аталған турнирге Ресейден бөлек Беларусь, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан құрамалары да қатысты. Токио олимпиадасының қола жүлдегері Бекзод Абдурахмонов бұл сында үшінші орын иеленгеніне қарамастан «Үздік шетелдік балуан» ретінде арнайы марапатқа қол жеткізіп, 3 мың доллар көлемінде сыйақы алды.