Жарнама
Жарнама
Реклама
Реклама

Тоқаев мемлекет қаржысына тәуелді спорт федерацияларының басшыларын сынады

Редактор
17.10.2025, 13:21

Бүгінгі таңда көптеген федерацияны ірі бизнес өкілдері мен мемлекеттік мекеме басшылары басқарып отыр

Акорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласында белсенді жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтіп, тек мемлекет бөлетін қаржыға иек артатын федерация басшыларын сынға алды. Бұл туралы ол Төтенше жағдайлар министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында айтты.

Мемлекет басшысы құтқарушылардың қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға және жастар арасында спортты дәріптеуге ерекше үлес қоса алатынын атап өтті.

Оқу орындарына Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің бейресми қамқорлық көрсету тәжірибесін белсенді түрде енгізген дұрыс. Құтқарушылар қоғамда салауатты өмір салтын насихаттауға, балалар мен жастар арасында спортты дәріптеуге зор үлес қоса алады. Бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі рухы мықты, салауатты ұрпақ тәрбиелеу – ұлт сапасына тікелей әсер ететін жағдай, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев спорт федерацияларының қазіргі жағдайына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл ұйымдар қоғам алдында бедел жинайтын құрылымға айналып кеткенімен, олардың кейбірі өз міндетін шынайы орындап отырған жоқ.

«Бүгінгі таңда көптеген федерацияны ірі бизнес өкілдері мен мемлекеттік мекеме басшылары басқарып отыр. Бірақ кәсіпкерлер бұл қоғамдық іске өз қаржысын салуға құлықсыз, тек мемлекеттен бөлінетін қаражатқа қарап отырады. Мемлекеттік қызметшілер де осы жоғары қоғамдық лауазымдарды өзін «жарнамалау» құралы ретінде көреді. Тіпті, спортшылардың жетістігін өздерінің жеке жеңісі деп санайтындар бар. Мұндай теріс үдеріске тосқауыл қою қажет», – деді мемлекет басшысы.

Президент бұл мәселе бойынша жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев спорт пен дене шынықтыруды қолдауды «құрметті қоғамдық миссия және үлкен азаматтық жауапкершілік» ретінде қарау керектігін айтты.

«Федерацияны ел ішінде немесе шетелде атақ-абыройыңды асқақтату үшін басқару – дұрыс емес. Оған жол беруге болмайды. Мемлекет кәсіпкерлерді қолдайды, бірақ олар да қоғам алдындағы міндетін сезінуі тиіс. Бұл, әсіресе, футбол сияқты спорт түрлерін коммерцияландыру мәселесіне қатысты», – деді ол.

Президенттің айтуынша, Туризм және спорт министрлігі мен спорт федерациялары арасында тең құқықты диалог орнауы қажет.
«Қазірдің өзінде бизнесмендердің, меценаттардың жаңа буыны спорт саласына келе бастады. Олар жауапкершілікпен қарап, маңызды нәтижелерге жетуге ұмтылып отыр. Мемлекет олардың осындай бастамаларын қолдауға дайын», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Реклама
Реклама
Реклама
Реклама

Материалда: