Дмитрий Бивол мен Екатерина 2023 жылғы жазда ажырасқан
Қырғызстан Ішкі істер министрлігі ел халқын қорлаған мәлімдемелері бар видеоны тарату фактісі бойынша тексеру жүргізіп жатыр.
Видеоны жариялаған – танымал боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі Екатерина. Өзінің Instagram парақшасында ол бірнеше видеоролик жариялап, әртүрлі ұлт өкілдерін, соның ішінде қырғыздарды да ар-намысын қорлайтын сөздермен балағаттаған. Қазіргі уақытта әйелдің аккаунты жабық. Дегенмен видео интернетте таралып, көпшілік оны қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп жатыр.
Бұл жайтқа қатысты Қырғызстан ІІМ де мәлімдеме жасады.
«Көлікті жүргізіп отырған әйел әртүрлі ұлт өкілдерін қорлайтын мәлімдемелер жасаған видеоны интернетте тарату фактісі бойынша Қырғызстан ІІМ мынадай мәлімдеме жасайды. Мұндай әрекеттер назардан тыс қалдыруға жатпайды және ұлтаралық сыйластық пен төзімділік қағидаларына қайшы келеді. Тұрғылықты жеріне қарамастан, кез келген адам моральдық және құқықтық нормаларды сақтауға, алауыздық тудырмауға міндетті. Қазіргі уақытта бұл факт тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды», – деп хабарлады ведомстводан.
Белгілі боксшы Дмитрий Бивол мен Екатерина 2023 жылғы жазда ажырасқан. Екатерина содан бері әлеуметтік желілерде Биволды көзіне шөп салып, моральдық қысым көрсетті және алимент төлемеді деп айыптайтын жазбаларды тұрақты түрде жариялап келеді.
Ол тіпті бұрынғы күйеуі мен оның анасын қорлағаны үшін жауапқа да тартылған. Ресейде прокуратура әкімшілік іс қозғап, сот әйелге ескерту түрінде жаза тағайындаған еді.