Қолтырауындап мекендейтін өзен енді Олимпиада аренасына айналмақ
Аустралияның Квинсленд штатындағы Фицрой өзені 2032 жылы Брисбенде өтетін Олимпиада ойындары кезінде байдарка мен каноэ жарыстарын өткізуге ресми түрде рұқсат алды.
The Australian мәліметінше, бұл шешімді елдегі Олимпиадалық нысандардың құрылысы мен жаңғыртылуына жауапты ұлттық мекеме – Games Independent Infrastructure and Coordination Authority (GIICA) қабылдады.
Мемлекеттік орган өзеннің техникалық сипаттамаларын зерттей келе, оның халықаралық ескек есу федерациясының талаптарына толық сәйкес келетінін мәлімдеді. Осылайша, Фицрой өзенінде 2032 жылғы Олимпиадада ескек есу жарыстарын өткізуге рұқсат берілді.
Енді ресми түрде ескек есу спортына жол аштық. Барлық қажетті тексеру жүргізілді, ешқандай кедергі қалған жоқ, – деді Квинсленд штатынан сайланған Аустралия парламентінің депутаты Мэтт Канаван.
Бұған дейін халықаралық ескек есу федерациясы Фицрой өзенін жарыс өткізуге жарамсыз деп таныған болатын. Сол кезде ұйым өзен жаттығу өткізуге ғана лайық екенін, бірақ ресми жарыстарға техникалық тұрғыдан дайын емес екенін хабарлаған еді.
Алайда соңғы зерттеулер нәтижесінде өзеннің экологиялық және инфрақұрылымдық жағдайы жақсарған. GIICA мамандары өзеннің барлық параметрлері Олимпиада талаптарына сай екенін растады. Айта кетейік, Фицрой өзені – Квинслендтегі ең ірі су артерияларының бірі, онда қолтырауындар көптеп кездеседі. Осыған байланысты штаттың премьер-министрі Дэвид Крисафулли билік өзенде қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жыртқыштарды аулауға ерекше назар аударатынын мәлімдеді.
Қазіргі таңда бұл өзенде Аустралияның ұлттық ескек есу құрамасының мүшелері жаттығып жүр. Сонымен қатар университетаралық жарыстар да жыл сайын осы жерде өтеді. Осылайша, қолтырауындап мекендейтін өзен енді Олимпиада аренасына айналмақ.