Белгілі спортшы 10 жыл бұрын құрама балуандарының ерекше жетістігін атады
Дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Мұқанов Елдос Сметовтің ең есте қаларлық жеңісі туралы пікір білдірді. Ақырыс Сейітқазыға берген сұхбатында ол қазіргі құрамадағы кейбір спортшылардың бұрынғыдай көп еңбектенбейтінін атап өтті.
«Елдостың күресінен ең мықтысы Олимпиадағы дейінгі 2014 жылғы Инчхонда өткен Азия ойындарындағы белдесуі еді. Сол ойында ол керемет күресті. Финалда моңғол балуаны, әлем чемпионы Гамбатпен шықты. Қарсыласы бір апта бұрын ғана әлем чемпионы атанған. Ол кезде Елдос жап-жас, салмағы 60 келіге жетер-жетпес. Ал Гамбат одан гөрі күштірек еді. Бірден әдіс жасап, еш мүмкіндік берместен жеңді. Онымен бірге көп жарысқа бардым ғой. Тура сол финалда залда отырып көріп, таңдай қақтым», - деді Азамат Мұқанов.
Сондай-ақ, белгілі спортшы 10 жыл бұрын құрама балуандарының ерекше жетістігін атады.
«Сол жылдары Ермек ағайдың мына сөзі есімнен кетпейді. Бір жылда ұлттық құрама балуандары 42 медаль иеленіпті. Оның ішінде Гран При, Гранд Слем, әлем және Азия чемпионаттары бар. Солардың барлығынан жүлде саны осындай болыпты. Қазір бұлай деп айта алмаймыз. Жүлде саны саусақпен санарлық. Өзім де бапкер болдым ғой. Бүгінгі жастар еңбекқор емес. Бұл көрсеткіш төмен деңгейде. Күресіп жүрген балуандар ғана еңбекқор болып отыр. Біздің толқында бәрі еңбекқор еді», - деп еске алды Азамат Мұқанов.
Спортшы 2013 жылы Рио-де Жанейрода өткен әлем чемпионатында 66 келіде күміс медаль еншіледі. Сондай-ақ, сол жылы Таиландта өткен құрлық біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізген. Ал 2014 жылы Азия ойындарында күміспен күптелді. Кейін спорттық мансабын аяқтаған ол жастар құрамасының бас бапкері қызметін атқарды.