Жеңімпаздар лицензиялық турнирге қатысады
Бүгін елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» спорт сарайында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ересектер арасындағы Қазақстан біріншілігі басталды. 1-5 ақпан аралығында өтетін сында Париж олимпиадасының іріктеу турниріне қатысатын балуандар іріктелмек.
Жарыстың алғашқы күнінде грек-рим күресінен 55, 63, 72, 82 және 97 келі салмақтағы балуандар белдеседі.
Екінші күні грек-рим күресінен 60, 67, 77, 87 және 130 келі салмақтың кіл мықтылары бозкілемге шықса, әйелдер күресінен чемпиондар 3 ақпанда анықталмақ. Сондай-ақ, еркін күрес шеберлері 4-5 ақпан күндері өзара мықтыны анықтайды.
Ел біріншілігіне республика бойынша 17 облыс пен Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан келген балуандар қатысып жатыр.
Чемпионат қорытындысы бойынша үздік атанғандар Бішкекте (Қырғызстан) өтетін Азия аймақтық, Ыстанбұлда (Түркия) өтетін әлемдік іріктеу турнирінде бақ сынайды. Сондай-ақ, еркін күрестен Азамат Дәулетбеков (86 кг) пен грек-рим күресінің балуаны Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) былтырғы әлем чемпионатында Париж олимпиадасының жолдамасын иеленгендіктен, жарыстан босатылып отыр.