Бас жүлдені жарыс қожайыны, 3 дүркін әлем чемпионы алды
Мәнерлеп сырғанаудан Ұлттық құрама спортшысы Софья Самоделкина Жапонияның Осака қаласында өтіп жатқан Гран-при турнирінде (NHK Trophy-2025) күміс медаль жеңіп алды.
Бүгін отандасымыз еркін бағдарламадағы өнері үшін 132.25 ұпай алды. Кешегі қысқа бағдарламаны қосқанда барлығы 200.00 балл. Бұл Самоделкинаның биылғы маусымдағы (2025-26 жыл) Гран-при турниріндегі алғашқы жүлдесі.
Әйелдер арасында бас жүлдені жарыс қожайыны, 3 дүркін әлем чемпионы, Бейжің Олимпиадасының қола (жекелей) және күміс (командалық) жүлдегері Каори Сакамото (Жапония) алды. Оның еншісінде 227.18 ұпай бар.
Үздік үштікті Бельгия өкілі түйіндеді (198.97 балл).
Гран-при турнирінде 1-орын алған спортшыға 15, 2-орынға 13, 3-орынға 11 балл беріледі. Бұл ұпайлар кейін 6 жарыстан кейін Гранд финалға жолдама алған үздіктерді анықтауға көмектеседі.
Жапониядағы турнирге 17 мемлекеттен 60 спортшы жиналды.