Алайда оның алғашқы ойын күні сәтсіз өтті
АҚШ президенті Дональд Трамптың немересі, гольфист Кай Трамп өзінің мансабындағы алғашқы кәсіби турниріне қатысып, өнер көрсетті.
18 жастағы Кай Трамп 3,25 миллион доллар (шамамен 1,6 млрд теңге) жүлде қоры бар Annika турнирінде кәсіби гольфте дебют жасады.
Алайда оның алғашқы ойын күні сәтсіз өтті. Жоғары деңгейдегі дайындық пен отбасының қолдауына қарамастан, Кай алғашқы раундтан кейін турнир кестесінің соңына бір-ақ түсті.
Кай әлеуметтік желілерде ерекше назарда. Оның жаттығулар мен ойындарынан жарияланған видеолары, әсіресе Дональд Трамппен бірге түскендері, миллиондаған қаралым жинап келеді.
Еске сала кетейік, жақында оның парақшасында жарияланған бейнежазбалардың бірі қазақстандық рэпер Скриптониттің «Не расслабляйся» трегіне монтаждалған еді. Бұл ролик вирусқа айналып, пікірлер бөлімінде қазақстандық жанкүйерлер әзіл-қалжың мен мемдерге толы «хаос» жасаған.
Дональд Трамптың үлкен немересі - Кай Трамп - 18 жасында YouTube платформасында алтын және күміс батырмасы бар танымал блогер әрі кәсіби гольфист.
Президенттік сайлаудан кейін сарапшылар оны Трамптың жастар арасындағы танымалдығын арттыруға қабілетті маңызды тұлға және әлеуметтік желілердегі ықпалды одақтасы ретінде атап өтуде.