Жарнама
Жарнама

Елена Рыбакина World Tennis League турнирінің фавориті ретінде тіркелді

Редактор
Бүгін, 11:11

Әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде енген

Getty sport

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Үндістанда алғаш рет өтетін World Tennis League (WTL) турниріне қатысатын болды.

Желтоқсан айында Бангалор қаласында ұйымдастырылатын турнирде әлемнің әйгілі теннисшілері өнер көрсетпек. Олардың қатарында Елена Рыбакина, АҚШ-тың ашық чемпионатының жеңімпазы Даниил Медведев және Уимблдон финалисі Ник Кириос бар.

Аралас құрамды командалық форматтағы WTL лигасы соңғы үш маусым бойы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткізілген еді. Енді көрерменге тартымды шоу-турнир 17–20 желтоқсан аралығында Бангалордағы SM Krishna Tennis Stadium аренасында жалғасқалы отыр.

«Үндістандағы алғашқы маусымға әлемдік теннистің үздік жұлдыздарының қатысуы бұл шараны жылдың ең көп назар аударатын спорттық оқиғаларының біріне айналдырады», - деп жазды indiatoday басылымы.

Бұған дейін әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина бір турнир үшін алынған ең ірі гонорар бойынша жаңа тарихи рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде енген болатын. Ол жақында маусымның басты жарысы – WTA Finals турнирінде топ жарып, бір апта ішінде жеңіліссіз өткен жолының арқасында 5,235 миллион доллар (шамамен 2,7 млрд теңге) сыйақы алғанымен ерекшеленді.

Реклама
Реклама