Матч 2 сағат 55 минутқа созылды.
Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева (WTA рейтингінде 105-орын) Australian Open-2026 турниріндегі алғашқы ойынын сәтті өткізіп, екінші айналымға жолдама алды.
Бірінші кезеңде Юлия әлемдік рейтингте 59-орында тұрған бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен кездесті. Үш сетке созылған тартысты матчта қазақстандық спортшы 3:6, 7:5, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Шешуші партияда Путинцева 1:3 есебімен ұтылып жатып, камбэк жасап, ойынды өз пайдасына аяқтай алды.
Кездесу 2 сағат 55 минутқа созылды. Осылайша, Юлия Путинцева Australian Open турнирінің екінші айналымына шықса, оның қарсыласы жарысты ерте аяқтады.
Айта кетейік, маусымның алғашқы «Үлкен дулыға» турнирі қарсаңында Юлия Аустралияда өткен Брисбен және Аделаида жарыстарына қатысқан болатын. Брисбенде ол екінші айналымда, ал Аделаидада 1/8 финал сатысында жарыстан шығып қалған еді.