Australian Open: Винус Уильямс турнир тарихында рекорд орнатты

Редактор
19.01.2026, 11:15

Ол «Үлкен дулыға» турнирлерінде соңғы рет 2021 жылы жеңіске жеткен

© Scott Taetsch / Stringer / Getty Images Sport

АҚШ теннисшісі Винус Уильямс Australian Open турнирінің алғашқы айналымында есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. 45 жастағы (215 күн) ол Аустралия ашық чемпионатының әйелдер арасындағы жекелей сынында өнер көрсеткен ең жасы үлкен спортшы атанды. Бұл нәтиже 1968 жылдан бері тіркелген рекордтық көрсеткіш болып отыр.

Уильямс турнирге wild card арқылы қатысып, алғашқы айналымда сербиялық Ольга Даниловичке жол берді. Ойын барысында 1:2 (7:6 (7:5), 3:6, 4:6) нәтижесі тіркелді. Шешуші үшінші сетте америкалық теннисші 4:0 есебімен алда тұрғанымен, кейін қатарынан алты геймде қатарынан жеңіліп, ойынмен қош айтысты.

Айта кететін жайт, Винус Уильямс «Үлкен дулыға» турнирлерінде соңғы рет 2021 жылы жеңіске жеткен еді. Ал Australian Open турнирінде ол соңғы бес жылда алғаш рет өнер көрсетіп отыр.

Сонымен қатар, Уильямс жұптық сында да бақ сынайды. Ол ресейлік Екатерина Александровамен бірге алғашқы ойынды 20 қаңтарға өткізбек. Александрова да жекелей сында бірінші айналымда есе жіберді.

Винус Уильямс өзінің спорттық мансабында Мельбурндағы турнирде жекелей сында екі рет финалға шыққан (2003, 2017). Сонгдай-ақ, жұптық сында төрт мәрте чемпион атанған (2001, 2003, 2009, 2010). Бұдан бөлек, микстте бір рет жеңіске жетті (1998).

Айта кететін жайт, теннисші өткен жылдың соңында тұрмысқа шығып, бірнеше күн бойы қуанышын атап өткен болатын.

Реклама
Реклама

Материалда: