Australian Open: Еліміздің бірінші ракеткасы финалда жеңіліс тапты

Редактор
31.01.2026, 11:35

Шешуші матч екі сетке ғана созылды

ktf.kz

Қазақстанның әйелдер арасындағы жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина 2026 жылғы Australian Open турнирінің финалында жеңіліп қалды.

Әлемдік жұптық рейтингте 14-орында тұрған қазақстандық теннисші маусымдағы алғашқы «Үлкен дулыға» додасында сербиялық Александра Круничпен бірге өнер көрсетті. Дуэт жарысқа 7-нөмірлі жұп ретінде тіркелген еді.

Финалда Данилина мен Крунич бельгиялық Элизе Мертенс пен қытайлық Чжан Шуайға қарсы ойнады. Бұл жұп турнирге 4-нөмірлі фаворит ретінде қатысқан болатын.

Шешуші матч екі сетке ғана созылып, жалпы 1 сағат 48 минутқа жалғасты. Бірінші партия тай-брейкке ұласып, онда қарсыластар басым түсті. Қорытынды есеп — 7:6 (7:4), 6:4 Мертенс пен Чжан Шуайдың пайдасына.  Бұл жеңіс Мертенс пен Чжан үшін алғашқы бірлескен титул болды. Бұған дейін олар әртүрлі серіктестерімен «Үлкен дулыға» турнирлерінде чемпион атанған.

Australian Open-дегі табысты нәтиже Мертенстің жұптық сындағы әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілуіне мүмкіндік береді. Ал Чжан Шуай 15-орыннан 7-орынға жоғарылайды.

Финалға дейін жеткен Данилина да WTA рейтингінде ілгерілеп, 11-орынға көтеріледі. Александра Крунич 17-орыннан 13-орынға көтеріліп, бұл оның мансабындағы ең үздік көрсеткіші болмақ.

Айта кетейік, Анна Данилина Australian Open турниріндегі ең үздік нәтижесін қайталады. Ол бұған дейін 2022 жылы бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге финалға жеткенімен, сол кезде де чемпион атана алмаған еді.

Реклама
Реклама