Рекорд: Карлос Алькарас тұңғыш рет Australian Open жеңімпазы атанды

Редактор
01.02.2026, 16:56

Ол төрт Үлкен дулыға турнирлерін жеңіп алған ең жас теннисші. 

Darrian Traynor/Getty Images

Әлемнің бірінші ракеткасы испаниялық Карлос Алькарас 2026 жылғы Australian Open турнирінің чемпионы атанды.

Мельбурнде турнир финалында Алькарас әлемнің төртінші ракеткасы сербиялық Новак Джоковичпен кездесті.

Шешуші кездесу төрт сетке созылып, испаниялық теннисшінің жеңісімен аяқталды – 2:6, 6:2, 6:3, 7:5. Матч 3 сағат 2 минутқа созылды.

Ойын барысында Алькарас тоғыз эйс жасап, екі қос қателікке жол берді. Сонымен қатар, ол 16 брейк-пойнттың бесеуін сәтті пайдаланды.

Осылайша, Карлос Алькарас мансабында алғаш рет Australian Open турнирінде топ жарып, Үлкен дулыға жарыстарының төртеуін де бағындырған ең жас теннисші атанды – 22 жас, 8 ай, 27 күн. Бұған дейін испаниялық теннисші «Ролан Гаррос», Уимблдон және US Open турнирлерін екі реттен жеңіп алған еді.

Ал Новак Джокович Australian Open финалында алғаш рет жеңілді. Сербиялық теннисші бұған дейін турнирдің финалына 10 рет шығып, барлығында жеңіске жеткен.

Енді 38 жастағы Джокович әлемдік рейтингте төртінші орыннан үшінші сатыға көтеріледі. Ол Германия өкілі Александр Зверевті артта қалдырса, Янник Синнер екінші орнын сақтап қалды.

Реклама
Реклама