Жарнама
Жарнама

Янник Синнер теннис тарихындағы ерекше рекордқа қол жеткізді

Редактор
18.05.2026, 10:47

Ол «Мастерс» турнирін қатарынан алтыншы рет жеңді

Clive Brunskill/Getty Images

Әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнер Римде өткен ATP 1000 санатындағы турнирдің жеңімпазы атанып, теннис тарихындағы ерекше рекордқа қол жеткізді.

Италиялық теннисші финалда норвегиялық Каспер Руудты 6:4, 6:4 есебімен сенімді түрде жеңді. Кездесу 1 сағат 44 минутқа созылды. Қазіргі таңда ATP рейтингінде 25-орында тұрған Рууд матч барысында Синнерге айтарлықтай қарсылық көрсете алған жоқ.

24 жастағы Янник Синнер осылайша қатарынан алтыншы «Мастерс» турнирінде топ жарып, тарихта мұндай жетістікке жеткен алғашқы теннисші атанды. Бұған дейін ешбір ойыншы қатарынан төрт реттен артық жеңіске жете алмаған.

Айта кетейік, Синнер биыл ATP 1000 санатындағы өткен барлық бес турнирде чемпион атанып отыр. Сонымен қатар ол сербиялық аңыз теннисші Новак Джоковичтен кейін қазіргі «Мастерс» сериясындағы барлық турнирде жеңіске жеткен екінші ойыншы болды.

Италиялық теннисші әзірге тек Олимпиада ойындары мен «Ролан Гаррос» турнирінде ғана чемпион атанбаған. Франция ашық чемпионатының негізгі кезеңі 24 мамырда басталады.

Жаңартылған ATP рейтингінде Синнер көш басындағы орнын одан әрі нығайтып, екінші сатыдағы испаниялық Карлос Алкарестен арадағы ұпай айырмасын ұлғайтады. Ал Каспер Рууд рейтингте 17-орынға көтеріледі.

Реклама
Реклама

Материалда: