Финалда қазақстандық спортшы Польша өкілі Самуэль Михнамен кездесті
Қазақстандық үстел теннисі шебері Алан Құрманғалиев Швецияның Хельсингборг қаласында өткен WTT Youth Contender халықаралық турнирінде алтын медаль жеңіп алды.
Отандасымыз 19 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен жарыста жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, турнир бойы бірқатар мықты қарсыластарын тізе бүктірді.
Құрманғалиев жарыс барысында швециялық Хьюго Джобс пен Обада Таббахты 3:0 есебімен жеңсе, венгриялық Балаж Поордан 3:1 есебімен басым түсті. Сондай-ақ үндістандық Абхинандх Прадхивадхиді тартысты кездесуде 3:2 есебімен ұтып, кейін польшалық Ян Мругаланы 3:0, даниялық Йохан Хавстинді 3:1 есебімен жеңді.
Финалда қазақстандық спортшы Польша өкілі Самуэль Михнамен кездесіп, 3:1 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Айта кетейік, бұл жеңіс үшін қазақстандық теннисші әлемдік рейтингке есептелетін 1000 ұпай еншілеп, өз позициясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік алды.