Жиенбаева Қазақстанның жекелей сындағы үшінші ракеткасы атанды
Қазақстандық теннисші Соня Жиенбаева Испаниядағы қатарынан екі турнирде жеңіске жетіп, әлемдік рейтингте бірден 284 сатыға жоғарылады.
20 жастағы спортшының жаңартылған WTA рейтингіндегі орны — 454-орын. Бұған дейін Жиенбаева 738-сатыда тұрған.
Қазақстандық теннисші Испаниядағы екі апта ішінде екі бірдей титул жеңіп алды. Алдымен Оренседе өткен W75 турнирінде топ жарса, кейін Виго қаласындағы W35 жарысында чемпион атанды.
Виго турнирінің финалында Жиенбаева әлемдік рейтингте 332-орында тұрған қытайлық Юфэй Рэнмен кездесті. Қазақстандық теннисші қарсыласын 7:6 (8:6), 7:5 есебімен жеңді. Кездесу 1 сағат 46 минутқа созылды.
Ал Оренседегі W75 турнирінің финалында Жиенбаева болгариялық Изабелла Шиникованы жеңіп, алғашқы титулын иеленген еді.
Осы нәтижелерден кейін Жиенбаева Қазақстанның жекелей сындағы үшінші ракеткасы атанды. Ұлттық рейтингте одан жоғары тұрған Елена Рыбакина — әлемнің екінші ракеткасы, ал Юлия Путинцева – 81-орында.
Айта кетейік, тағы бір қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева да рейтингте 12 сатыға көтеріліп, 464-орынға жайғасты.