Уимблдон финалисі есірткіге жүргізілген тексерістен оң нәтиже алғанын хабарлады
2022 жылғы Уимблдон финалисі Ник Кирьос допинг-тест емес, есірткіге жүргізілген тексерістен оң нәтиже алғанын өзі хабарлады. Аустралиялық теннисшінің сынамасынан кокаин анықталған.
Кирьос бұл жағдай үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алып, жанкүйерлерінен, отбасынан, демеушілерінен және өзіне үлгі тұтқан балалардан кешірім сұрады.
«Мұны менен естігендеріңізді қаладым. Майоркада тапсырған тестім кокаинге оң нәтиже көрсетті. Мен үлкен қателік жасадым және бұл үшін толық жауапкершілікті өз мойныма аламын», – деп жазды ол.
Теннисші соңғы жылдардағы жарақаттар оның физикалық және психологиялық жағдайына ауыр әсер еткенін де жасырмады. Оның айтуынша, денесі бұрынғыдай мүмкіндікті бере алмаған сайын мансабының аяқталуы жақындап келе жатқанын қабылдау қиын болған.
«Кейде өзімді дәрменсіз әрі жалғыз сезіндім. Бірақ мұның ешқайсысы менің әрекетімді ақтамайды», – деді Кирьос.
Ол болған жағдайды өзі үшін үлкен ескерту деп бағалап, алдағы 28 күнге әлеуметтік желілерден және көпшілік назарынан уақытша кететінін мәлімдеді.
«Енді өзіме көңіл бөлемін. Қателіктеріммен жұмыс істеп, жақсырақ болып ораламын», – деп түйіндеді теннисші.
Кирьос жанкүйерлерден осы кезеңде өзінің және отбасының жеке өміріне құрметпен қарауды сұрады.