Жарнама
Жарнама

Карлос Алькарас US Open турнирінен шығып қалды

Редактор
Бүгін, 17:41

Матч барысында Алькарастың денсаулығы сыр берген

Getty Images

Америкалық теннисші Бен Шелтон US Open-2026 турнирінің ширек финалында Карлос Алькарасты жеңіп, жарыстың басты сенсацияларының бірін жасады.

Төрт сағат 28 минутқа созылған матч 6:7, 6:1, 6:3, 1:6, 7:6 есебімен аяқталды. Шешуші сетте жеңімпаз тай-брейк арқылы анықталып, Шелтон 10:7 есебімен басым түсті.

Кездесуді Алькарас сәтті бастады. Ол алғашқы сетті өз пайдасына шешті. Алайда кейінгі екі партияда Шелтон ойын барысын өзгертіп, есепте алға шықты.

Испаниялық теннисші төртінші сетте 6:1 есебімен жеңіп, матчты шешуші партияға жеткізді. Бесінші сетте қарсыластар бір-бірінің добын қабылдау кезінде жеңіске жете алмады. Ал тай-брейкте Шелтон мүмкіндігін тиімді пайдаланды.

Матч барысында Алькарастың денсаулығы сыр бергені байқалды. Үзілістердің бірінде ол құсып қалды, бірақ кездесуді тоқтатпай, соңына дейін ойнады. Соған қарамастан, испаниялық теннисші жиі қателесіп, былтыр жеңіп алған чемпиондық атағын қорғай алмады.

Бұл Шелтонның Алькарасты мансабында алғаш рет жеңуі болды. Бұған дейінгі үш кездесудің барлығында испаниялық спортшы басым түскен еді.

Ойын Нью-Йорк уақытымен сағат 23:05-те басталып, таңғы 03:33-те аяқталды. Бұл — US Open тарихындағы ең кеш мәресіне жеткен матч.

Жартылай финалда Бен Шелтон тағы бір америкалық теннисші Фрэнсис Тиафомен кездеседі. Демек, АҚШ өкілдерінің бірі биылғы турнирдің финалына міндетті түрде шығады.

Америкалық теннисшілер арасынан ерлердің жекелей сынында «Үлкен дулыға» турнирін соңғы рет Энди Роддик жеңіп алған. Ол 2003 жылы US Open чемпионы атанған болатын.

Реклама
Реклама

Материалда: