Жарнама
Жарнама

Елена Рыбакина ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы атанды

Редактор
13.09.2026, 23:25
Getty Images

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әйелдер арасындағы әлемдік рейтингтің көшін бастады. WTA жаңартылған тізімді US Open-2026 турнирі аяқталғаннан кейін жариялады.

Осылайша, 27 жастағы Рыбакина мансабында алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Ол WTA тарихында рейтинг шыңына көтерілген 30-теннисші әрі мұндай жетістікке жеткен Қазақстанның алғашқы өкілі болды.

Рыбакина рейтингте екінші орынға түскен Арина Соболенкодан 2026 ұпайға озып тұр. Бұл қазақстандық теннисшіге алдағы турнирлерде әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесін сақтап қалуға жақсы мүмкіндік береді.

Рыбакина бірінші орынды US Open турнирінің ширек финалында Қытай өкілі Чжэн Циньвэньді жеңгеннен кейін-ақ қамтамасыз еткен еді. Кейін ол финалда Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен ұтып, жаңа мәртебесін чемпиондық атақпен дәлелдеді.

Беларусь теннисшісі әлемдік рейтингте қатарынан 99 апта көш бастады. Соболенко мансабында бірінші орында жалпы саны 107 апта өткізіп, бұл көрсеткіш бойынша әйелдер теннисі тарихында оныншы орынға тұрақтады.

US Open-дегі жеңіс Рыбакинаның мансабындағы үшінші «Үлкен дулыға» жүлдесі болды. Бұған дейін ол 2022 жылы Уимблдонда және 2026 жылы Australian Open турнирінде топ жарған.

Енді қазақстандық спортшыға әлемдік рейтингті алғаш рет басқарған теннисшілерге берілетін арнайы Chris Evert WTA World No.1 Trophy жүлдесі табысталады.

Реклама
Реклама