Қазақстанның бірінші ракеткасы Олимпиада ойындарына дайындалады
Теннистен Қазақстан құрамасы дәстүрлі Билли Джин Кинг кубогіне биыл тағы қатысады және бұл жолы да Елена Рыбакина ел намысын қорғамайды. Қазақстанның бірінші ракеткасы былтыр дәл осы жарысқа бара тұра, денсаулығына байланысты қатыспаған еді.
Есесіне ұзақ үзіліс алған Зарина Диас қайта қатарға қосылып отыр. Онымен бірге Жапонияға Юлия Путинцева, Анна Данилина, Жібек Құламбаева және Аружан Сағындықова барады.
Жарыс хард кортта өтеді. Іріктеу сыны жекелей 4 ойын және жұптық бір ойыннан тұрады.
Ұлттық құрама бапкерлері Елена Рыбакинаны Париж олимпиадасына дейін мазаламауды жөн көріпті. Әйгілі теннисші жуырда берген сұхбаттардың бірінде Олимпиадада жүлде алуға күш салатынын айтқан еді.