Юлия Путинцева Маймидегі турнирден кейін рейтингте бірден 16 сатыға көтерілді

Редактор
01.04.2024, 14:05

Елена Рыбакина өз позициясын сақтап қалды

WTA

Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева WTA рейтингіндегі жағдайын әжептеуір жақсартты. Жерлесіміз бірден 16 сатыға көтеріліп, 52-орынға жайғасты.

Айта кетейік, өткен аптада WTA 1000 - Miami Open турниріне қатысқан Путинцева ширек финалға дейін жетіп, әлемнің экс-бірінші ракеткасы Виктория Азаренкодан жеңілді. Ал, оған дейін ресейлік Людмила Самсонова мен украин қызы Ангелина Калининаны жеңіп, жарыс сенсациясын жасаған болатын. Осы нәтижелер оның рейтингтегі орнына әсерін тигізіп отыр.

Айта кету керек, Путинцеваның рейтингтегі ең жоғары көрсеткіші – 27-орын. Бұл нәтижеге қазақстандық теннисші 2017 жылдың ақпанында жеткен болатын.

Жаңартылған рейтингте Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина төртінші орнын сақтап қалды.