Мені Ресейде қолдайтындар бар, бірақ Қазақстанда жанкүйерім әлдеқайда көп – Елена Рыбакина

16.04.2024, 23:54

Ол Мәскеуге де жылына бір-ақ рет барады екен

Global Look Press

«Спорт Экспресс» басылымына сұхбат берген Қазақстанның номеры бірінші ракеткасы Елена Рыбакина азаматтығын ауыстырғаннан кейінгі жағдайы туралы айтып берді.

Ол Қазақстанға келгеніне еш өкінбейтінін, Ресейден кеткені туралы сөз қозғауды жөн көрмейтінін айтты.

«Ресей мені қалай жоғалтқаны туралы қазір айтудың қажеті жоқ. Қазақстанға мықты теннисші қажет болды, бұл жақта маған сенді. Біз бір-бірімізді таптық. Мен сол үшін қуаныштымын. Қазақсатан атынан жарысқа шығып жүргеніме көп болғаны сонша, оның алдында не болғаны есімде жоқ», - деді әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина.

Ол сондай-ақ, Қазақстандағы жанкүйерлері туралы да айтып өтті.

«Әлемнің барлық нүктесінде жанкүйерлерім бар. Мені Ресейде де қолдайтындар бар. Бірақ, Қазақстанда жанкүйерлерім әлдеқайда көп», - деп сөзін түйді қазақстандық әйгілі теннисші.

Сұхбат барысында Рыбакина өзі туған қала Мәскеуге өте сирек баратынын да жасырған жоқ.