Елена Рыбакина Штутгарт турнирінің жартылай финалына шықты

19.04.2024, 18:29

Жартылай финалда ол әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентекпен кездесуі мүмкін

WTA

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 4-орын) Штутгартта өтіп жатқан WTA 500 турнирінің ширек финалында жеңіске жетті.

Жартылай финалға шығар жолда Рыбакина италиялық Жасмин Паолинимен (14-орын) сайысқа түсті. Үш сетке созылған матч 6:3, 5:7, 6:3 есебімен аяқталды. Бірінші сетте брейкпен жеңіліп тұрғанына қарамастан Рыбакина кезеңді сәтті аяқтап, үшінші сетте керемет камбэк жасады. Кездесудің өзі 2 сағат 10 минутқа созылды.

Жартылай финалда жерлесіміз Ига Швентек (Польша) – Эмма Радукану (Ұлыбритания) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Швентек – әлемнің бірінші ракеткасы.