Елена Рыбакина Мадридтегі турнирдің финалына шыға алмады

Редактор
03.05.2024, 09:28

Жеңіске жеткен жағдайда ол әлемдік рейтингтің үшінші сатысына көтерілетін еді

WTA

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA 1000 - Mutua Madrid Open турнирінің жартылай финалында беларусь теннисшісі Арина Соболенкодан жеңіліп қалды.

Матч 2 сағат 16 минутқа созылып, 1:6, 7:5, 7:6(5) есебімен Соболенконың пайдасына шешілді. Осы уақытта ол төрт эйс, үш брейк және төрт дабл-фол жасаған. Ал, Рыбакинаның статистикасында тоғыз эйс, төрт брейк және үш рет дабл-фол бар.

Айта кету керек, Рыбакина мен Соболенко ресми турнирлерде өзара тоғыз рет кездескен. Оның алтауында беларусь теннисшісі жеңсе, үшеуінде қазақстандықтың мерейі үстем болған.

Соболенко бұған дейін Мадридтегі осынау турнирді екі рет жеңіп алған. Финалда оны әлемнің бірінші ракеткасы – поляк Ига Швентек күтіп тұр.

Рыбакина болса биылғы жарыстарда алтыншы рет жартылай финалда сүрінді. Сондай-ақ, оның жеңіліссіз сериясы 8 матчқа жетіп тоқтады.

Айта кету керек, Рыбакина осы турнирде жеңіске жеткен жағдайда әлемдік рейтингте үшінші орынға көтерілетін еді. Ал, екінші орында тұрған Соболенко бірден төртінші орынға төмендеуі мүмкін болатын.