Ол екі жыл жарақатынан емделген
Ұзақ жыл спорттан қол үзген Қазақстанның экс-бірінші ракеткасы Зарина Дияс алғашқы жарысына шықты. Фукуокода (Жапония) өтіп жатқан ITF W75 турнирінде жерлесіміз Үндістан теннисшісі Рутуя Бхосалемен (№388) кездесіп, екі сетте жеңіске жетті.
Дияс соңғы рет 2022 жылы Ролан Гаростың іріктеу сынында кортқа шыққан. Ол кезде қазақстандық теннисші ресейлік Анастасия Гасановадан жеңілген болатын. Мұнан кейін жарақат алып, ұзақ уақыт емделді.
Бүгінгі ойында Дияс 7:5, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Матч бір жарым сағатқа созылды. Енді жарыстың екінші айналымында ол Лизетт Кабрера (Аустралия, №358) - Чан Сун Джон (Оңтүстік Корея, №286) жұбының жеңімпазымен кортқа шығады.
Осы турнирде сәтті өнер көрсетсе Зарина Диас WTA рейтингіне қайта оралады. Екі жылдан астам уақыт ол жарысқа қатыспағандықтан ол рейтингтен шығарылған.