Карлос Алькарас «Ролан Гаррос» турнирін жеңіп алды

Редактор
09.06.2024, 22:48

Финалдық матч 4 сағат 19 минутқа созылды

Getty Images

Теннистен дәстүрлі Франция ашық біріншілігі («Ролан Гаррос») өз мәресіне жетті. Бес сетке созылған ақтық сында испан теннисшісі Карлос Алькарас (#3) германиялық Александр Зверевті (#4) жеңіп, мансабында алғаш рет турнирдің чемпионы атанды.

Матч 4 сағат 19 минутқа созылып, 6:3, 2:6, 5:7, 6:1, 6:2 есебімен аяқталды. Зверев 6 брейк-пойнт жүзеге асырып, 8 рет эйс жасаса, Алькарас 9 брейк-пойнт, 3 эйс еншісіне жазды. Екеуі де алты реттен дабл-фол жасаған.

Әлемдік рейтингте үшінші тұрған Алькарас үшін бұл мансабындағы үшінші «дулыға». 2022 жылы ол US Open турнирін ұтса, 2023 жылы Уимблдонда бірінші болды. Енді Алькарас төрт «дулығаны» біріктіру үшін Australian Open турнирін жеңуі керек.