«Бұл мен үшін өте ауыр»: Юлия Путинцева мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

Редактор
27.07.2024, 18:49

Өзінің айтуынша, оның тізе жарақаты әлі жазылмаған

KTF

Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Париждегі Олимпиада ойындарын жалғастырмайтыны белгілі болды. Осы жайтқа байланысты теннисшінің өзі мәлімдеме жасады.

Бұған дейін Қазақстан теннис федерациясы Юлияның денсаулығы сыр бергенін мәлімдеген болатын.

«Өкінішке қарай, көңіл көншітпейтін жаңалығым бар. Париждегі Олимпиада ойындарына қатыса алмаймын. Уимблдонда алған тізе жарақатым әлі күнге дейін мазалауда. Біз бақ сынау үшін барымызды салдық. Бірақ ғажайып болмады. Физиотерапия өтіп жүрсем де, әлі де аяғым ісіп тұр. Тізем дайын емес екен. Ешқашан құрамамды сатқан емеспін, барлық мүмкін болған мачтарға қатысып келдім. Қазақстан құрамасы үшін қалай ойнағанымды бәрі білетін шығар. Бұл мен үшін қай кезде де үлкен жауапкершілік әрі абырой. Бірақ бұл жолы кортқа шығу да мүмкін болмай тұр. Бұл мен үшін өте ауыр. Командадан, федерация мен жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Бұл туралы айтудың өзі қиын», - деді Путинцева.

Айта кетейік, бұған дейін еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина да Олимпиадаға қатыспайтынын мәлімдеген болатын. Ол да Уимблдон турнирінен кейін өткір бронхитпен ауырғанын, әліге дейін ауруынан айыға алмай келгенін айтып ақталған еді.