Рыбакина Қазақстанның арқасында үлкен жетістікке жетті – Александр Бублик

Редактор
07.02.2025, 01:01

Тек 2008 жылдан бері бір ғана Қазақстанның азаматтығын ресейлік 14 теннисші алған

AFP 2024 / SEBASTIEN BOZON

Әлемнің бесінші ракеткасы Елена Рыбакинаның үлкен жетістікке жетуі – қазақстандық менеджерлердің арқасында дейді оның отандасы Александр Бублик. Танымал теннисші журналист Виталий Кравченкоға сұхбат беріп, Ресейден Қазақстанға көшіп кеткен теннисшілер туралы сөз қозғады.

Айта кетейік, Елена Рыбакина 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алып, 2022 жылы «Үлкен дулыға» санатындағы «Уимблдон» турнирін жеңіп алды. Осыдан кейін ресейлік БАҚ өкілдері бұл жеңісті Ресей бапкерлерінің еңбегі деп жарыса жазған.

– Неге Ресейдің теннис федерациясы талантты теннисшілерді оп-оңай жібере салады? Тек 2008 жылдан бері бір ғана Қазақстанның өзіне 14 теннисшіміз кетіпті…

– Демек, Ресейде олардан да мықты теннисшілер бар деген сөз шығар…

– Балалар деңгейінде кімнің мықты, кімнің талантты екенін анықтау мүмкін емес қой?!

– Неге мүмкін емес, ол уақытта да бірінші, екінші номерлі, тіпті сегізінші номерлі теннисшілер болады.

– Ленаның (Рыбакина – авт.) мысалынан-ақ мүмкін емес екенін көріп отырмыз ғой…

– Лена Қазақстанның, Қазақстан теннис федерациясының арқасында осындай деңгейге жетті. Егер ол Ресейде қалған жағдайда мұндай жетістікке жетер ме еді? Айта алмаймыз.

Айта кетейік, Елена Рыбакина жыл басынан бері ірі екі турнирде жеңіліп, қазіргі таңда Абу-Дабиде өтіп жатқан WTA 500 турнирінде өнер көрсетіп жатыр.