Әкімдік ақталғанымен, теннисші бұған сенбейтінін айтып отыр
Қазақстандық теннисші Аружан Сағандықованы Ақтөбе қаласы Астана аудандық әкімдігінің Instagram-дағы ресми аккаунты балағаттаған. Бұл туралы спортшының өзі мәлімдеді.
Балағат сөздер алдымен өзге теннисші – ресейлік Петр Бар Бирюковтың атына жазылған. Vesti.kz сайтының мәліметінше, Петр – Аружанның жігіті, яғни екеуі тығыз қарым-қатынаста. Балағатты жазған адам мұны жақсы білген.
Ал, мұнан кейін ол Аружанның өзін балағаттапты. Әкімдік артынша кешірім сұрап, аккаунтты белгісіз біреулер бұзғанын айтып ақталған. Дегенмен, теннисші бұған сенбейтінін жеткізді. Өйткені, оқиға болған уақытта әкімдіктің ресми аккаунтында бірнеше ресми жаңалық жарияланған.
Біздің болжауымызша, Астана аудандық әкімдігінің ресми аккаунтын жүргізіп отырған адам құмар ойында бәс тігіп жеңілген болуы мүмкін.
«Әкімдік өзінің ресми аккаунттарын кімге табыстағанын неге бақыламайды», - деп жазды қазақстандық теннисші.
Айта кету керек, Петр Бар Бирюков Үндістанның Пуна қаласында өтіп жатқан турнирде Саша Геймар Вайенбургтен жеңіліп қалған (6:7(6), 7:5, 3:6). Ол бірінші сетте тай-брейкте 5:2 есебімен алда тұрып, партияны қарсыласына беріп қойды.