Герасименко жапониялық қарсыласы Хирото Синодзукуды жеңіп, сенсация жасады
Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан үстел теннисінен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының көшбасшысы Кирилл Герасименко 1/16 финалға шықты. Ол – турнирдің келесі кезеңіне өткен ұлттық құраманың жалғыз өкілі.
1/32 финалдық кезеңде әлемдік рейтингте 60-орында тұрған Герасименко жапониялық мықты қарсыласы Хирото Синодзукуды 4:2 есебімен жеңіп, сенсация жасады. Кездесу мынадай сеттер нәтижесімен аяқталды: 4:11, 11:5, 12:14, 11:8, 13:11, 11:8.
Енді қазақстандық теннисші әлемнің үшінші нөмірлі спортшысы, бразилиялық Уго Кальдераномен кездеседі. Уго алдыңғы кезеңде Тунис өкілі Вассим Эссиданы 4:0 есебімен айқын ұтқан болатын.
Чемпионаттағы алғашқы ойында Герасименко сингапурлық Чью Кларенсті де 4:0 есебімен жеңіп, мықты ойын өрнегін көрсеткен еді.
Үстел теннисінен әлем чемпионаты 17–25 мамыр аралығында өтуде. Жарыс барысында барлығы бес жүлде жиынтығы сарапқа салынады.