Теннисші WTA 1000 турнирінде 10-рет жартылай финалға шықты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Монреальда (Канада) өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің жартылай финалына жолдама алды. Бұл – қазақстандық теннисшінің осындай деңгейдегі турнирлерде оныншы мәрте жартылай финалға шығуы.
Ширек финалда Рыбакина әлемнің 28-ракеткасы, украиналық Марта Костюкпен кездесті. Бұған дейін қарсыластар үш рет кездесіп, екеуінде Елена жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы да Рыбакина сенімді ойын көрсетті: алғашқы партияда 6:1 есебімен басым түсті. Екінші сетте есеп 2:1 болғанда Костюк жарақатына байланысты матчты жалғастырудан бас тартты.
Матч небәрі 53 минутқа созылды. Рыбакина бұл ойында эйс жасамағанымен, 10 брейк-пойнттың үшеуін тиімді пайдаланды.
The Tennis Letter басылымы: «Енді Рыбакина WTA 1000 турнирлерінде он жартылай финалға жетті. Тағы бір тамаша жетістік», – деп жазды.
Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 85-ракеткасы, небәрі 18 жастағы канадалық Виктория Мбокомен кездеседі.