Бірақ ол «жалаңаш суреттерін жарияламайтынын» ерекше атап өтті
Америкалық теннисші Сачия Викери мансабындағы үзіліс кезінде ақша табу үшін OnlyFans платформасына тіркелуге мәжбүр болғанын айтты.
Биыл Викери иығын жарақаттап алып, алты ай бойы кортқа шыға алмады. Осы уақыт аралығында ол қосымша табыс көзін іздеуге мәжбүр болған. Егер 2018 жылы теннисші әлемдік рейтингте 73-орынға дейін көтерілсе, қазір ол топ-550 қатарына қайта кіруге тырысып жүр. Викери кәсіби мансабында 2,1 миллион доллар тапқанымен, спортшының сөзінше, бұл теннис үшін аз.
«2 миллион доллар – теннис үшін түкке тұрмайтын ақша. Мен жаттықтырушыларға, фитнеске, физиотерапияға, қалыпқа келуге, МРТ-ға 100 мың доллардан астам қаржы жұмсадым. Көпшілік мұны байқамайды. Ал OnlyFans-тағы аккаунтым маған қаржылық қауіпсіздік сыйлап, еркіндік берді әрі мансабымды жалғастыруға мүмкіндік жасады», – дейді Викери.
Теннисші платформаға тіркелген сәттен бастап сынға ұшырайтынын білгенін айтады. Бірақ ол «жалаңаш суреттерін жарияламайтынын» ерекше атап өтті.
«Адамдар сіздің OnlyFans-пен айналысатыныңызды көргенде, бірден порножұлдызбен байланыстырады. Бірақ көпшілігі OnlyFans-тың көп деңгейлі платформа екенін түсінбейді», – дейді спортшы.
Викери табыс көлемін нақты ашып айтпағанымен, алғашқы үш айдың ішінде 1 миллион доллардан астам қаражат тапқанын, бұл тіпті барлық «Үлкен дулыға» турнирлерінен түскен табыстан да көп екенін мойындады. Оның айтуынша, табысы әлі де өсіп келеді.
Қазір Сачия кортқа қайта оралды. Өткен аптада жарты жылдық үзілістен кейін ол АҚШ-тың ашық чемпионатында алғашқы матчын өткізіп, екінші сетте қарсыласына есе жіберді.