Ал қарсыласы 10 эйс соққанына қарамастан, бірде-бір брейкке қол жеткізе алмады.
Қазақстанның бірінші ракеткасы, әлемдік рейтингте 24-орында тұрған Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатының (US Open) төртінші айналымына жолдама алды.
Үшінші кезеңде ол әлемнің 14-ракеткасы, америкалық Томми Полмен күш сынасты. Үш сағат 37 минутқа созылған тартысты матчта Бублик 7:6 (7:4), 6:7 (4:7), 6:3, 6:7 (5:7), 6:1 есебімен жеңіске жетті.
Қазақстандық теннисші кездесу барысында 22 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың үшеуін тиімді пайдаланды. Ал қарсыласы 10 эйс соққанына қарамастан, бірде-бір брейкке қол жеткізе алмады.
Осылайша, Александр Бублик карьерасында алғаш рет US Open жарысының төртінші айналымына шықты. Енді ол ширек финалға жолдама үшін әлемнің бірінші ракеткасы, италиялық Янник Синнермен кортқа шығады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Анна Данилина жұптық сында екінші айналымға өткен еді. Ал Елена Рыбакина «Үлкен дулыға» турнирлерінде Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтижелердің авторы болып отыр.