Қазақстан мен Оңтүстік Корея құрамалары арасындағы матч басталды
Кореяның Чунчхон қаласында Дэвис кубогы I әлемдік тобының плей-офф кезеңі аясында Қазақстан мен Оңтүстік Корея құрамалары арасындағы матч басталды.
Бұған дейін қос құрама екі рет кездескен. 2007 жылы корейліктер 5:0 есебімен жеңіске жетсе, 2010 жылы Астанада қазақстандықтар дәл сондай есеппен қарымта қайтарған.
Бүгін кортқа Александр Шевченко мен әлемдік рейтингтің бұрынғы 19-ракеткасы Чон Хён шықты.
Бір жарым сағатқа созылған матчта Шевченко 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Бұл - оның Қазақстан құрамасы сапында Дэвис кубогы аясында өткен жекелей сайыстағы екінші жеңісі.
Шевченконың жеңісінің арқасында Қазақстан командасы есепте алға шықты. Келесі болып Қазақстан құрамасының көшбасшысы Александр Бублик бақ сынайды. Оның қарсыласы - 2021 жылғы ATP 250 Astana Open турнирінің чемпионы Квон Сун У.