Қытайда қазақтың ұлттық спорт төрешілеріне куәлік бере бастады

Редактор
13.12.2023, 20:49

Бұл аз ұлттардың ұлттық құндылықтарын дамытуға қосылған үлес дейді қытайлық шенеуніктер

adyrna.kz

Шыңжаңда ат спорты, көкпар ойыны төрешілерінің деңгейін өсіру мақсатында тұңғыш рет арнайы курс ұйымдастырылып, төрешілерге куәлік беріле бастады. Kazinform агенттігінің жазуынша, Үрімжі, Санжы, Құлжа, Қашқар қатарлы өңірлерден келген, әр ұлт өкілінен құралған 60-тан астам төреші қатысып, жақсы нәтиже көрсеткендеріне арнайы құжат табысталған.

Ендігі уақытта олар осы куәлігін көрсету арқылы бәйге, көкпар секілді спорттық бәсекелерде төреші бола береді.

Оқу барысын Шыңжаң-Ұйғұр автономиялы өлкелік Спорт мекемесінің шешімімен, автономялы өлкелік Спорт бас қоғамы жетекшілік етіп, Шыңжаң ат спорты қауымдастығы ұйымдастырған.

Шыңжаң ат спорты қауымдастығының бас хатшысы Бан Жычянның айтуынша, аталған аймақта ат спортын, көкпар ойынын әр ұлттың халқы өте жақсы көреді екен. Сондықтан аз ұлттардың спорт түрлерінен ат спортының, көкпар ойынының жарыс ережелеріне негізделе отырып, осы жолғы курстық жұмыс ұйымдастырылып отыр. 

«Бұдан кейін бәйге, көкпар жарыстарына төреші болу үшін төрешілік куәлігі болуы керек. Көкпар тартатын алаңның үлкен-кішілігі, көкпар тастайтын шарбақтың биіктігі, кеңдігі, формасы қатарлыларға енді біртұтас өлшем белгіленеді. Жарыс пен төреші біртұтас жүйеге түсірілгенде ғана, Шыңжаңның ат спортының дамуы мүмкін болады», - дейді Бан Жычян.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, бұрынғы «ауыл төрешілері» куәлігі бар төрешілерге айналған. Енді ат спорты жарыстары анағұрлым кәсіптік деңгейде және тартымды өткізілетін болды.