Бразилиядағы оқиғалар-2: фэйк Рональдиньо, қарапайым Клозе, жұрт ұмытқан МакМанаман

Қазақстанда туып, өзге елде чемпион болған спортшылар

29.10.2023, 14:39

Ағайынды Кличколар, Сергей Водопьянов пен Виталий Дунайцевтерді әлем таниды

Қазақстанда туып, өзге елде чемпион болған спортшылар
Фото ашық дереккөзден

Қазақ топырағында дүниеге келіп, кейін өзінің тарихи отанына оралған спортшылар көп. Олардың көбінің балалық шағы Қазақстанда өткен. Кейін олар әуесқой спортта нәтижелі табысқа жетіп, бірқатары Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында жоғары нәтижеге қол жеткізді. Осы ретте 1bol.kz тілшісі Қазақстанда туып, өзге елде жарқыраған спортшыларға шолу жасап көрді.

ШҚО-ның Шемонаиха ауданына қарасты Убинка ауылында дүниеге келген Надежда Торлова студенттік шағы аяқталғанша Қазақстанда тұрған. Кейін тұрмысқа шыққан соң, Ресейге қоныс аударды. Оның бокстағы жолы баласы бірінші сыныпқа барғанда басталған. Бастапқыда секцияға баласы үшін қатысқан ана арада жарты жыл өткенде қалалық біріншілікте топ жарып, кейін аймақтық, арада бір жыл өткенде РФ чемпионатында жеңімпаз атанды. Әйелдер боксынан әлем, Еуропа чемпион атанған спортшы 2012 жылы Лондонда 75 келіде күміс жүлгеде ие болған.


Надежда Торлова

Әзірбайжан құрамасындағы дзюдошы Хидаят Гейдаров Қарағанды қаласының тумасы. Ес білмей тұрып туған жеріне туын тіккен оның ата-анасы ұлдарын дзюдоға берген. Аталған спорттан әлем чемпионаттарынан үш рет қола жүлде иеленген Хидаят Еуропа біріншілігін екі рет ұтып, бір мәрте күміс жүлдегер атанып үлгерді. Жас спортшы өткен жылы Ислам Ынтымақтастығы Ойындарында да топ жарған.


Хидаят Гейдаров

Талдықорған қаласында туып, 15 жасында Краснодарға қоныс аударған Сергей Водопьянов Жетісу жеріндегі сыныптастарымен әлі күнге араласатын көрінеді. 2002 жылы Ресейге кеткен жасөспірім бокс әліппесін Талдықорғанда үйренген. 2007 жылы РФ чемпионы атанған ол сол жылы Чикагода өткен ӘЧ-да топ жарды. Араға екі жыл салып, Миландағы әлем біріншілігінде күміс медаль жеңіп алды.


Сергей Водопьянов

Ата-анасы Кеңес заманында әскери қызметте жүріп Семейге келгенде дүниеге келген украиналық боксшы Владимир Кличконың күллі әлем бір кездері өнерін тамсана тамашалады. Бір сұхбатында боксшы Орталық Азияның өздері үшін қатты ыстық екенін атады. Себебі, оның ағасы Виталий Қырғызстанда дүниеге келген.


Владимир Кличко

Бұлармен бірге қос қандасымыз Айдын Смағұлов пен Нұрхан Сүлейменовті де атауға болады. Айдын спорттық азаматтық алып, Қырғызстан атынан Сидней Олимпиадасында күресіп, қола жүлдегер атанған. Ол егемен қырғыз елінің тарихында Олимпиада жүлдесін иеленген алғашқы спортшы ретінде тарихта қалды.


Айдын Смағұлов (оң жақтан бірінші)

Ал Шымкентте туып, тоқсаныншы жылдар басында Түркияға кеткен Нұрхан Сүлейменов бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпиоы атанған. Анадолы елінен екі Олимпиадаға барған Сүлейменов кейін сол елде қалды.


Нұрхан Сүлейменов

Қостанайлық Виталий Дунайцевтің Ресейде жүріп әлем чемпионы атанатынына әкесі қатты сенген көрінеді. Екі мыңыңшы жылдары көрші елге көшкен ата-анасы баласын боксқа жастайынан берген. Витя 2015 жылы Дохада әлем чемпионы атанғанымен, Риода қола жүлдені қанағат тұтты.


Виталий Дунайцев

Ұзақ жылдар бойы Ресей дзюдо құрамасының мүшесі болған Иван Нифонтов Павлодар облысының тумасы. Ес білген шағында ғана Барнаулдағы туыстарын сағалап көшіп кеткен ол, Павлодарды әрқашан ұмытпайтынын бұған дейін бірнеше айтқан. 

Дзюдоға оқушы шағында аяқ басқан ол есейген шағында үздік нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, 2009 жылы Нидерландта өткен әлем чемпионатында топ жарса, тұманды Альбионда өткен Ойындарда қола жүлдеге қол жеткізді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам