Қазақстанның құқық қорғау органдарынан көмек сұраған.
Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, танымал боксшы Еркебұлан Шынәлиевтің арызы бойынша Қазақстанда қылмыстық іс тіркелді. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қылмыстық іс «адам ұрлау» бабы бойынша қозғалған.
Бір-екі күн бұрын ғана «адам ұрлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір іс тергелу сатысында, – деді ол.
Сондай-ақ Қойгелдиев күдіктілерді Қазақстанға жеткізу мақсатында Түркия тарапына тиісті өтінім жіберілгенін айтты.
Еске сала кетейік, Еркебұлан Шынәлиев бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, Түркияда өзін қорқытып, күштеп белгілі бір мәлімдемелерді айтқызғанын хабарлаған.
Боксшының айтуынша, 2025 жылдың мамыр айында Шыңғыс Мұқашев пен Нұржан Иманалиев есімді азаматтар оны алдап Стамбұлға шақырып, кейін қала сыртындағы ну орманға апарған.
Ыстанбұлдан 150–200 шақырым жердегі орманға апарып, қараусыз қалған ғимаратқа кіргізді. Қолдарына қару ұстап, басыма оқталған тапанша тақады. «ҰҚК өкілімін деп айтасың» деп мәжбүрледі, – деген еді спортшы.
Шынәлиев өз өміріне қауіп төнгеннен кейін амалсыздан олардың талабын орындауға мәжбүр болғанын айтып, Қазақстанның құқық қорғау органдарынан көмек сұраған.