ҚПЛ 20-тур: Ордабасы көшбасшы болды. Ақтөбе қазақ бапкерлерге неге сенбейді? Қайрат ЛЧ-ге дайын

«Бірнеше тосынсыйымыз бар»: Хесус Рамос Нұрсұлтановқа қарсы жоспарын айтты

Бүгін, 13:50

Мейірім Нұрсұлтанов – Хесус Рамос жекпе-жегі 19 қыркүйекте АҚШ-тың Сан-Диего қаласындағы Pechanga Arena кешенінде өтеді

«Бірнеше тосынсыйымыз бар»: Хесус Рамос Нұрсұлтановқа қарсы жоспарын айтты
1bol.kz

Орта салмақта WBC тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы Хесус Рамос кіші Мейірім Нұрсұлтановпен өтетін жекпе-жекке қалай дайындалып жатқанын айтты.

Америкалық боксшының сөзінше, қазақстандық қарсыластың өнерін зерттеу жұмысын оның әкесі әрі жаттықтырушысы Хесус Рамос атқарған. Ал чемпионның өзі жаттығу барысында жеке шеберлігін жетілдіруге басымдық берген.

«Нұрсұлтановтың қарсы шабуылға сүйенетінін және еуропалық мәнерде жұдырықтасатынын білеміз. Оған қиындық туғызатын бірнеше тосынсыйымыз бар», — деді Рамос BoxingScene басылымына берген сұхбатында.

Ол дайындық кезінде алдыңғы қолмен жасалатын соққыға, шабуыл бұрыштарын өзгертуге және қарсыластың денесіне дәл соққы бағыттауға ерекше көңіл бөлгенін жеткізді. Рамос рингте жекпе-жек тізгінін бірден қолға алып, Нұрсұлтановқа өз мәнерін таңуды жоспарлап отыр.

Мейірім Нұрсұлтанов – Хесус Рамос жекпе-жегі 19 қыркүйекте АҚШ-тың Сан-Диего қаласындағы Pechanga Arena кешенінде өтеді. Қос боксшы WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпиондығына таласады. Кездесу бокс кешінің екінші басты жекпе-жегі болады және DAZN платформасында тікелей көрсетіледі. 

Рамос кәсіпқой рингте 25 кездесу өткізіп, 24 рет жеңіске жеткен. Оның 19 қарсыласы жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған. Америкалық боксшы уақытша чемпиондық белбеуін алғаш рет қорғайды.

WBC рейтингінде бірінші орында тұрған Мейірім Нұрсұлтанов әзірге жеңіліп көрмеген. Қазақстандық боксшы 20 жекпе-жектің бәрінде жеңіске жетіп, 11 қарсыласын нокаутқа түсірген. Ол 2023 жылғы қарашадан бері рингке шыққан жоқ.

Осылайша, Нұрсұлтанов үш жылға жуық үзілістен кейін бірден чемпиондық жекпе-жек өткізгелі отыр. Жеңіске жеткен жағдайда қазақстандық боксшы WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы толыққанды әлем чемпионы атағына басты үміткерлердің біріне айналады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам