Жас форвард ойынды теңестіруге мүмкіндік болғанын жасырмайды
Алматылық «Қайраттың» 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы голы және «Копенгагенге» сырт алаңдағы 2:3 есебімен болған жеңіліс туралы өз пікірін ортаға салды.
Сәтпаев 81-минутта қарсылас қақпашының қателігін ұтымды пайдаланып, алматылықтардың алғашқы добын салды.
«Шынымен де, ол сәтті алдын ала жоспарлаған жоқпын. Қақпашының допты тым алысқа жіберетінін іштей сезіп қалдым да, ойлануға уақыт жоғалтпай, бірден жүгіруге шешім қабылдадым», — дейді ол.
Сәтпаев команда алғашқы таймда-ақ есеп ашуға лайық эпизодтар жасағанын атап өтті:
«Иә, мүмкіндіктер жеткілікті болды. Бірақ тәжірибе жетіспеді. Сонымен бірге біртүрлі сақтық болды. Енді осы ойындарды талдап, қателіктерді түзетуіміз керек. Тәжірибе жинаған сайын мүлде басқа деңгейде ораламыз».
Жас форвард ойынды теңестіруге мүмкіндік болғанын жасырмайды:
«Иә, соңында бізге мүмкіндік берді. Бірақ біз ойынға тым кеш кірістік. Батылдық пен сенімділік аз болды. Сондықтан талдау жасап, келесі матчтарды бастапқы минуттардан-ақ агрессивті жүргізуге дайындаламыз».