Әлихан Әли биыл Бірінші лигада нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп жүр
Келесі маусымда Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін Қарағандының «Шахтері» «Оңтүстік академиясының» шабуылшысы Әлихан Әлиді қатарына қосуға талпынған.
AmanVIBE мәліметінше, қарағандылық клуб 18 жастағы футболшының трансфері үшін 50 миллион теңге төлеуге дайын болған. Алайда шымкенттік команда басшылығы ұсынысты қабылдамай, негізгі ойыншыларының бірін жіберуден бас тартқан.
«Оңтүстік академиясы» жас шабуылшының алдағы уақытта шеберлігін арттырып, оның нарықтағы бағасы едәуір өседі деп есептейді. Сондықтан клуб Әлиханды әзірге командада қалдыруды жөн көрген.
Әлихан Әли биыл Бірінші лигада нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп жүр. Ол осы маусымда 19 матчқа қатысып, қарсыластар қақпасына 13 гол соққан. Қазақстан жастар құрамасының ойыншысы чемпионаттағы мергендер қатарына енді.